Алматыда мешітке келушілерді тонаған ер адам ұсталды (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Алматы қаласында мешіттерде намаз уақытын пайдаланып ұрлық жасаған күдікті ұсталды.  Ақпаратты қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

Тергеу деректеріне сәйкес, ер адам жамағаттың құлшылыққа алаңдаған сәтін пайдаланып, мешітке келген азаматтардың ұялы телефондары, әмияндары және басқа да жеке заттарын жасырын түрде иемденген.

Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы **Еділхан Байғараев**тың айтуынша, адамдар көп жиналатын орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету – құқық қорғау органдарының басым бағыттарының бірі.

«Мұндай әрекеттер материалдық зиян келтірумен шектелмей, қоғамның рухани әрі моральдық құндылықтарына да нұқсан келтіреді. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті қолға түсті. Әрбір дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр», – деді ол.

Қазіргі уақытта күдіктінің бірнеше ұрлық фактісіне қатысы бары анықталған. Сондай-ақ оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика