Қазақстанда қара шайдың бірқатар маркасын әкелуге және сатуға тыйым салынды. Оқырманның көкейінде «бұл өнімдер нарыққа қалай өтті және тыйым салынған бояғыштардың қаупі қаншалықты?» деген сұрақ қалды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Qazaq Expert Club ұйымының тағам қауіпсіздігі жөніндегі сарапшысы Лаура Аутелеева бұл жағдайды жай ғана сауда ережесін бұзу деп емес, әдейі жасалған алдаудың белгісі деп бағалады.
«Бұл – сауда тәртібін бұзу ғана емес, тағам өнімін әдейі қолдан жасауға тән классикалық мысал», – дейді Лаура Аутелеева.
Сарапшының айтуынша, басты қауіп – денсаулыққа төнетін қатер. Шай құрамынан табылған синтетикалық бояғыштар бірқатар жағымсыз салдармен байланысты.
Мәселен, Е110 «күн батуының сарысы» мен Е102 тартразин балалардағы шамадан тыс белсенділікті күшейтуі мүмкін. Ал Е124 понсо 4R ықтимал геноуыттылыққа ие: яғни тәуліктік шектен аспайтын мөлшердің өзінде ДНҚ-ға зиян келтіру қаупі бар.
Әдеттегі технологиялық кемшіліктерден айырмасы – мұнда әдейі жасалған ниет байқалады: шикізатты алмастыруды жасыру, өнімді қолдан жасау немесе басқа да айла-шарғы.
Қауіптің тағы бір қыры – қаптамада көрсетілген өндіріс алаңдарының іс жүзінде болмауы. Бұл рұқсат құжаттарынсыз, санитариялық талап сақталмайтын жасырын қаптауға меңзеуі мүмкін. Мұндай жағдайда өндірістік тізбекке бақылау әлсірейді.
Лаура Аутелееваның сөзінше, мәселе бір реттік оқиға емес, жүйелі сипатқа ие. Қазақстан жыл сайын 3,8 мыңнан 25 мың тоннаға дейін шай импорттайды, ал ішкі өндіріс шамамен 700 тонна деңгейінде. Осындай айырмашылық барда қолдан жасалған өнімнің аз ғана үлесі де жаппай нарыққа өтіп кетуі ықтимал.
Сондықтан бақылауды өнімді әкелу, сақтау және сату кезеңдерінің бәрінде күшейту қажет. Бұған қоса тауардың қайдан келгенін нақты қадағалайтын тетіктерді енгізу және тұтынушының ақпараттануын арттыру маңызды.
Сарапшы қазіргі тыйымды қажет шара деп санайды, бірақ мәселені толық шешпейді. Оның пікірінше, негізгі бағыттар мыналар: әкелу кезінде бақылауды күшейту, қадағалау жүйесін жолға қою, тұтынушының сауатын арттыру және қолдан жасау белгілері байқалса, қатаң жауап қайтару.
