Фото: Pixabay
Қазақстандық азаматша әкесінің немересіне арнап жазған өсиетін сот арқылы жарамсыз деп тануды талап етті. Бұл туралы Qazaqtoday.info ақпарат порталы хабарлайды.
Марқұм әке тірі кезінде өз мүлкін немересінің атына рәсімдеп кеткен. Алайда қызы әкесінің өсиет жасау сәтінде өз әрекетіне толық жауап бере алмағанын алға тартты. Оның айтуынша, мұра қалдырушы алкогольді шамадан тыс тұтынған, наркологиялық диспансерде есепте тұрған және алкоголизмге байланысты ем қабылдаған. Осы себепті талап қоюшы өсиет оның мұрагерлік құқықтарын бұзады деп есептеген.
Істі қарау барысында бірінші сатыдағы сот өлімнен кейінгі психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындады. Сараптама қорытындысында өсиет жазылған кезде марқұмда психикалық ауытқу белгілері болғаны, соның салдарынан ол өз әрекеттерінің мәнін түсініп, оларды басқара алмағаны көрсетілді.
Дегенмен бірінші және апелляциялық сатылар бұл қорытындыны дәлел ретінде қабылдамады. Себебі сараптамаға негіз болған дәрігерлік кеңес, учаскелік инспектордың рапорты мен көршілердің мінездемелері жол берілмейтін дәлелдемелер деп танылды. Сот марқұмның тірі кезінде психиатр мен наркологтың есебінде тұрмағанын, алкоголизмнен ем алмағанын және әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын анықтады. Сонымен қатар өсиет жасалған кезеңде ол Астанада емес, Алматыда тұрғаны белгілі болды.
Сот процесі барысында психикалық денсаулық саласындағы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету стандарттарының бұзылғаны анықталып, уәкілетті органға жеке ұйғарым жолданды. Нәтижесінде психиатр дәрігердің лицензиясы тоқтатылды.
Кассациялық сот төменгі сатылардың шешімін қолдап, өсиет азаматтық заңнама талаптарына толық сай жасалғанын атап өтті. Нотариус өсиетті куәландыру кезінде барлық рәсімді сақтаған, ал мұра қалдырушыға мәміленің құқықтық салдары толық түсіндірілген.
Сондай-ақ куәгердің айғақтарына сәйкес, марқұм 2014 жылдан бері өзімен бірге тұрған немересіне пәтерін саналы түрде қалдыруды өзі қалаған. Осылайша кассациялық саты мұра қалдырушы мүлкіне заңда белгіленген тәртіппен билік еткенін, өсиетті тірі кезінде өзгертпегенін әрі жоймағанын растады.
