АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ-ты 66 халықаралық ұйымнан шығару жөніндегі меморандумға қол қойды. Ақ үй бұл ұйымдар Вашингтонның мүддесіне сай келмейді деп есептейді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Ақ үйдің баспасөз қызметі бұл ақпаратты X әлеуметтік желісінде жариялады.
Ақ үйдің мәліметінше, тізімде Біріккен Ұлттар Ұйымына қатысты 31 құрылым және БҰҰ жүйесіне кірмейтін 35 ұйым бар.
Ақ үй шешім алдында АҚШ мүшесі саналатын, сондай-ақ Вашингтон қаржыландыратын немесе қолдау көрсететін халықаралық ұйымдар, конвенциялар мен келісімдерге тексеріс жүргізгенін жеткізді.
Меморандум мәтінінде Ақ үй бірқатар ұйымдар АҚШ-тың басымдықтарына қайшы келетін жаһандық күн тәртібін алға тартады немесе маңызды мәселелерді тым тиімсіз шешеді деп бағалайтыны айтылады. Осыған байланысты әкімшілік федералдық қаржыны басқа бағыттарға бөлуді жөн көреді.
«Көптеген ұйымдар радикалды климат бастамаларын, жаһандық басқару тетіктерін және АҚШ-тың егемендігі мен экономикалық қуатына сәйкес келмейтін идеологиялық бағдарламаларды ілгерілетеді», — делінген меморандумда.
Құжатта америкалық салық төлеушілер мұндай құрылымдарға миллиардтаған доллар жұмсағанымен, қайтарымы мардымсыз болғаны да көрсетілген. Ақ үйдің пайымынша, кей ұйымдар АҚШ саясатын сынайды, америкалық құндылықтарға үйлеспейтін бағдарламаларды қолдайды немесе ірі бюджетіне қарамастан нақты нәтиже бере алмай отыр.
Меморандум федералдық агенттіктерге құжаттағы нұсқауларға сай осы ұйымдардағы қатысуды және қаржыландыруды тоқтатуды тапсырды.
Бұған дейін АҚШ президенті Трамптың алғашқы шешімдерінің бірі ретінде АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығатыны хабарланған. Сондай-ақ ол АҚШ-тың Париж климат келісімінен қайта шығуы туралы жарлыққа қол қойған.
