Фото: pexels.com
АҚШ әскери құрылымдары бір тәуліктің ішінде екі мұнай танкерін тоқтатты. Соңғы операция Кариб теңізіндегі халықаралық суларда жүргізілген. Онда кеме ешбір елде тіркелмеген, санкцияға ілінген M/T Sophia танкері болған, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
АҚШ Оңтүстік қолбасшылығы мен Ішкі қауіпсіздік министрлігі бірлесіп, бұл танкер «заңсыз әрекетпен» айналысты деп тұтқындаған. Әскерилер бұл әрекетті «халықаралық қауіпсіздік шарасы» ретінде сипаттады.
Сол күні бұдан бұрын АҚШ ресейлік «Маринера» мұнай танкерін де күштеп тоқтатқан. Ол Атлант мұхитында бірнеше апта бойы америкалық тараптан қудаланған. Ақыры Исландия мен Британ аралдары арасындағы нейтрал аймақта АҚШ әскери-теңіз күштері танкерге кіруге әрекет жасаған.
Оқиғаға байланысты Ресей Көлік министрлігі дереу мәлімдеме жасап, «Маринера» танкеріне 24 желтоқсан күні Ресей заңы мен халықаралық стандарттарға сәйкес уақытша рұқсат берілгенін айтты.
«Маринера халықаралық суларда жүрген. Аталған танкер Ресей туы астында заңды түрде жүзіп келе жатқан», — деп атап өтті министрлік.
Мәскеу уақытымен сағат 15:00 шамасында АҚШ әскери күштері танкерге еш ескерусіз басып кірген. Осыдан кейін танкермен байланыс жоғалған.
Ресей тарапы БҰҰ-ның 1982 жылғы Теңіз құқығы туралы конвенциясына сүйене отырып, ашық теңізде өзге елдің кемелеріне күш қолдануға ешбір мемлекеттің құқығы жоқ екенін еске салды.
«Бұл әрекет халықаралық құқықты елемеу және теңіздегі қатынас ережесін бұзу болып табылады», — делінген Көлік министрлігі таратқан хабарламада.
АҚШ жақында Венесуэлаға қарсы санкциялық қысымды күшейтіп, мұнай тасымалдарына тосқауыл қоюға көшкен. Мәскеу мұндай қадамдарды геосаяси арандату және заңсыз әрекет деп бағалап отыр.
