АҚШ Президенті Гренландияны сатып алғысы келеді: Трамп жоспары туралы не белгілі?

АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландия аралын сатып алуды қарастырып жатқаны белгілі болды. Бұл ақпарат бірнеше америкалық БАҚ-та жарық көріп, әлемдік қауымдастықтың назарын аударды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Wall Street Journal және New York Times басылымдары Трамп әкімшілігі ішінде Гренландияны бейбіт жолмен сатып алу мүмкіндігі сөз болғанын жазады. Мемлекеттік хатшы Марко Рубио АҚШ конгресмендеріне арналған жабық отырыста бұл бастаманің әскери агрессия емес екенін растаған.

Ақ үй шенеуніктері АҚШ қарулы күштерін аралға кіргізу жоспары жоқ екенін айтқанымен, өзге нұсқалар да толықтай жоққа шығарылған жоқ. Трамптың баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт бұл жайында:

«Президент пен оның командасы осы маңызды сыртқы саяси мақсатқа жету үшін түрлі мүмкіндіктерді талқылап жатыр және, әрине, жоғарғы бас қолбасшы үшін АҚШ қарулы күштерін қолдану әрдайым мүмкін нұсқалардың бірі болып қала береді», – деді.

Алайда Трамптың өзі әзірге бұл жоспар туралы нақты жауап беруден бас тартып отыр. 4 қаңтар күні ол журналистерге:

«Гренландия туралы 20 күннен кейін сөйлесейік», – деп жауап қатқан.

Еуропалық елдер бұл ақпаратты алаңдаушылықпен қабылдады. Германияның канцлері Фридрих Мерц бастаған бірнеше ел басшылары Данияға қолдау білдіріп, аталған бастамаға қарсы бірлескен мәлімдеме жариялады.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика