Фото: todayinfo.kz
Қазақстанда кәсіпкерлер үшін қолма-қол ақша шешуге жаңа тәртіп енгізілді. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын, орта және ірі бизнеске арналған айлық шектеулер күшіне енді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Жаңа талаптар жеке тұлғаларға әсер етпейді — олар бұрынғыдай өз есепшоттарынан ақша ала алады. Ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатындар үшін енді нақты лимиттер белгіленген:
- Шағын бизнес үшін — айына 20 млн теңгеге дейін
- Орта бизнес — 120 млн теңгеге дейін
- Ірі бизнес — 150 млн теңгеге дейін
Көрсетілген сомалар шегінде ақша шешу ешқандай қосымша құжатсыз жүзеге асады. Бірақ лимиттен тыс қаражат алғысы келгендер үшін банк арнайы рәсім қолданады: клиенттен ақша шешу себебі жазылған түсіндірме мен растайтын құжаттар сұралмақ. Сонымен қатар, ол деректер Мемлекеттік кірістер комитетіне жолданады.
Банк Комитетке сұраныс жіберіп, оң немесе теріс жауапты күтуі тиіс. Егер тәуекел анықталса (мысалы, салықтан жалтару қаупі), банк артық соманы беруден бас тартуы мүмкін. Ал комитет белгіленген мерзімде жауап бермесе, банк қаражатты клиентке беруге міндетті.
«Бұл талап тек бизнес субъектілеріне қолданылады. Жеке тұлғалар үшін ешқандай жаңа шектеу немесе автоматты түрде мәлімет беру қарастырылмаған», — деп түсіндірді Қаржы министрлігінің өкілдері.
Жаңа ережелер кәсіпкерлікті қадағалауды күшейтуге және күмәнді қаржылық әрекеттердің алдын алуға бағытталған.
