Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы православие дінін ұстанатын азаматтарды Рождество мерекесімен құттықтады. Президент бұл күннің адамдардың жүрегіне үміт пен мейірімділік, бауырмалдық пен сенім орнататынын атап өтті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Тоқаев өз құттықтауында христиандық пен басқа да дәстүрлі діндердің адамзаттың рухани-адамгершілік құндылықтарына сүйенетінін баса айтты. Оның айтуынша, әділеттілік, кешірім, шынайылық, жауапкершілік, мейірімділік пен үйлесімділік секілді қасиеттер – бұл діндердің негізгі арқауы.
«Православие елімізде дінаралық келісімді күшейтіп, жас ұрпақты еңбекқорлыққа, отансүйгіштік пен отбасы құндылықтарына тәрбиелеуге елеулі үлес қосып келеді», – деді Президент.
Ол сондай-ақ Қазақстанда бірлік, ынтымақ пен өзара көмектесу қағидалары мемлекеттік саясаттың негізін құрайтынын атап өтіп, бұл құндылықтардың ел жетістіктерінің берік іргетасы екенін жеткізді.
«Біз бір-бірімізге құрмет пен сенім танытып, жанашырлық білдіру арқылы әділет пен даму жолында алға қадам жасай береміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында мемлекет басшысы барлық православ христиандарға және еліміздің барлық азаматтарына амандық, зор денсаулық пен табыс тіледі.
Фото: Әлеуметтік желіден
