Фото: pexels.com
Еуропа елдері мен АҚШ Украина қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша заңды күші бар кепілдіктер беруге дайын екенін мәлімдеді. Бұл уәде Ресейді тоқтатқан жағдайда іске қосылады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Парижде өткен жиынға АҚШ өкілдерімен қатар Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Фридрих Мерц, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер мен Украина басшысы Владимир Зеленский қатысты.
Келісім жобасы АҚШ басшылығымен атысты бақылау жүйесін іске қосу, Украина әскеріне ұзақ мерзімді қолдау көрсету, бейбіт келісім орнаған жағдайда көпұлтты күш орналастыру және Ресей тарапынан болашақта жасалар шабуылдарға тойтарыс беру сияқты шараларды қамтиды.
«АҚШ Украинаның болашақ қауіпсіздігіне шешуші рөл атқаруға дайын екенін қағаз жүзінде бекітіп, саяси әрі заңды кепілдіктер жүйесін құруға бел буып отырмыз», — делінген құжатта.
Жобада АҚШ Украинада үнемі жұмыс істейтін атысты бақылау жүйесін орналастырып, тараптардың шартты бұзу жағдайларын қадағалайтын арнайы комитет құратыны көрсетілген.
Бейбіт келісім жасалған жағдайда Еуропа басқаратын, бірақ АҚШ-тың да қатысуымен әрекет ететін көпұлтты әскери күш Украинада орналастырылмақ. Бұл күш шабуылға ұшыраса, АҚШ барлау және логистика жағынан қолдау көрсетіп, оны қорғауға көмектеседі.
Құжатта Украинаға ұзақ мерзімді әскери қолдау пакеттерін, қорғаныс инфрақұрылымын дамыту үшін техникалық әрі қаржылық көмек көрсету жоспарланғаны жазылған.
