НАТО ыдырауы мүмкін: Дания премьері АҚШ-тың Гренландияға ықтимал әрекетін сынға алды

Дания үкіметінің басшысы Метте Фредериксен АҚШ-тың Гренландияға қатысты ниетін өткір сынға алып, бұл жағдай НАТО-ның тағдырына әсер етуі мүмкін екенін ескертті. Оның пікірінше, егер Вашингтон одақтас елге қарсы күш қолдануға бел буса, онда халықаралық қауіпсіздік жүйесі күйрейді,

«Егер АҚШ NATO-ға мүше мемлекетке әскери күш қолдану туралы шешім қабылдаса, онда бәрі аяқталады. NATO-ның да, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қауіпсіздік құрылымының да күні бітеді», – деді Фредериксен Associated Press агенттігіне берген сұхбатында.

Саясаткер АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияны иемдену ниетін шындап ойлап жүргенін айтып, бұл мәселе жайында уайым білдірді. Ол Трамппен телефон арқылы сөйлескен кезде Дания тарапының өзінің аумақтық тұтастығын сақтауға ниетті екенін нақты жеткізген.

Фредериксеннің айтуынша, Копенгаген Гренландия мен Фарер аралдары Дания корольдігі құрамындағы маңызды бөліктер екенін және оларды аннексиялауға жол бермейтінін ашық мәлімдеген.

Гренландия премьер-министрі Йенс Фредерик Нильсен де бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, АҚШ тарапынан күш қолдану Гренландия үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

«Бізді Венесуэламен салыстыру орынсыз. Гренландияны бір сәтте біреу басып алады деп айта алмаймыз. Алайда біз серіктестерімізден құрмет пен конструктивті диалог күтеміз», – деді Нильсен баспасөз конференциясында.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика