Шымкент қаласындағы Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының бастығы Батыр Мырзагелдиевтің ұсталғаны ресми түрде расталды. Қауіпсіздік комитеті оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Мырзагелдиевтің 20 миллион теңге көлемінде пара алып жатқан кезінде ұсталғаны туралы мәліметтер тараған болатын.
Комитеттің мәліметіне сәйкес, тергеу ісі 28 желтоқсан күні басталған. Қазіргі кезде іс бойынша нақты деректер жария етілмеген.
«Адвокат Виктор Кривоносовпен бірге Батыр Мырзагелдиевтің мүддесін қорғай бастадық. Ол 2025 жылғы 28 желтоқсанда Қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тарапынан ұсталды. Ақпарат біржақты тараптан тарап кеткендіктен, қорғаушы ретінде өз ұстанымымызды жеткізу орынды деп есептейміз», – деді адвокат Талғат Есимов.
Адвокаттың айтуынша, Батыр Мырзагелдиев өзіне тағылған айыптарды мойындамайды және пара алуды толықтай жоққа шығарып отыр.
Фото: Adal.advokat.kensesi / Facebook
