Фото: видеодан скрин
Орал қаласында 1964 жылы салынған 138 бөлмелі жатақхананың ахуалы тұрғындарды алаңдатып отыр. Қабырғалары қақырап, төбесінен су ағып, электр сымдары ашық жатқан ғимаратта тұрудың өзі үлкен қауіпке айналған. Бұл жөнінде Qazaqtoday.info ақпарат порталы мәлімдеді.
Тұрғындардың сөзінше, нысан ресми түрде апатты деп танылғанымен, оларды көшіру мәселесі ұзақ жылдан бері шешімін таппай келеді. Жылу мен су уақытша реттелгенімен, ғимараттың жалпы жағдайы адам өміріне мүлде қолайсыз күйде.
«Мұнда тұру мүмкін емес, бірақ басқа барар жеріміз жоқ», – дейді жатақхана тұрғындары.
Ал қала әкімдігі мен жауапты министрліктердің бұл мәселеге қатысты берген уәделері әзірге нақты іске ұласқан жоқ. Қауіпті ғимаратта күн кешіп отырған тұрғындар енді билік өкілдері қашан нақты қадамға барады деген сұраққа жауап күтуде.
