Фото: pexels.com
Telegram компаниясы шығарған құны 500 миллион доллар болатын облигациялар Ресейдің Ұлттық есеп айырысу депозитарийінде бұғатталды. Бұл жағдай Батыс елдерінің салған санкцияларынан кейін орын алды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Financial Times басылымының жазуынша, бұғатталған облигациялар — 2026 жылы өтеуі тиіс борыштық қағаздардың бір бөлігі. Компания соңғы жылдары жалпы 1,7 миллиард доллар сомасында облигация шығарған болатын. Солардың басым бөлігін Telegram өзі қайта сатып алған.
Көзі расталмаған деректерге сүйенсек, аталған 500 миллион долларлық облигациялар Ресейдің НСД жүйесінде қалса да, компания оларды пайдалануға мүмкіндіксіз қалып отыр. Бұған 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін енгізілген халықаралық санкциялар себеп болған.
«Қазіргі жағдайда ресейлік депозитарий арқылы өтетін барлық қаржылық операциялар Батыс санкцияларының ықпалына ұшырауы мүмкін», — делінген FT дереккөздерінің мәлімдемесінде.
АҚШ, Ұлыбритания және Еуроодақ елдері НСД-мен жұмыс істейтін ұйымдар үшін активтерді тоқтату және басқа да қаржы шектеулерін енгізген болатын. Бұл кез келген Батыс компаниясы үшін тәуекелдер тудырып отыр.
