Иранда толқу басылмай тұр: Хаменеи Мәскеуге кетуге дайындалуда

Фото: nbc.com

Иранда наразылық шаралары бір аптадан астам уақыт бойы жалғасып жатыр. Елдің түрлі өңірінде үкіметке қарсы ұрандар айтылып, халық экономикалық жағдайдың күрт нашарлауына наразылық білдіруде. Қақтығыстар кезінде кемінде 35 адам көз жұмған, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Reuters агенттігі ел билігінің наразылықтарды тоқтата алмай отырғанын жазады. Алғашқыда экономикалық қиындықтардан басталған бұл толқулар бүгінде саяси сипат алып, бұқаралық сипатқа ие болды. Саудагерлер бастаған шеруге студенттер мен өзге де халық топтары қосылды.

Associated Press News агенттігі HRANA құқық қорғау ұйымына сілтеме жасап, қазіргі жағдайдың өте ушығып тұрғанын айтады. Қаза тапқандар арасында төрт бала мен екі қауіпсіздік қызметкері бар. Бір апта ішінде 1 200-ден астам адам қамауға алынған.

«Қауіпсіздік күштері азаматтарға, соның ішінде жасөспірімдерге де, шектен тыс күш қолданып жатыр», – делінген құқық қорғаушылар хабарламасында.

Reuters дерегінше, үкімет бір жағынан тәртіп сақшыларын күшейтіп, екінші жағынан кедей отбасыларға көмек көрсету жоспарын әзірлеуде. Алайда халық наразылығы саябырсыған жоқ.

BBC News телеарнасы көшедегі наразылардың «Диктаторға өлім!» деген ұрандар айтып тұрған видеосын жариялады. Бұл ұрандар Иранның жоғары билігіне, соның ішінде Жоғарғы жетекші Али Хаменеиге бағытталған.

Британдық The Times газеті Хаменеи шұғыл жағдайда елден кету жоспарын дайындап қойғанын хабарлады. Басылым барлау ақпаратына сүйене отырып, егер армия мен полиция халық жағына өтсе немесе бұйрықтарды орындаудан бас тартса, Хаменеи отбасы және кеңесшілерімен бірге Мәскеуге қоныс аударуы мүмкін екенін жазады.

«Егер жағдай бақылаудан шығып кетсе, ол Тегераннан кетіп, Ресейге баруға дайын тұр», – делінген газетте.

Иран билігі наразылықты сыртқы күштер ұйымдастырып отыр деп есептейді. Сонымен қатар, Тегеран АҚШ тарапынан қысым күшейіп кетуінен алаңдап, Венесуэладағы оқиғаларды мұқият бақылауда ұстап отыр.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика