Фото: pexels.com
6 қаңтар күні таңғы 08:00-ден бастап Ақмола облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар бірнеше автожолда көлік қозғалысына шектеу енгізілді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Шектеулер келесі бағыттарда қолданылады:
- «Жақсы — Есіл — Бузулук» автожолы, 0-ден 71 шақырымға дейін (Жақсы елді мекенінен Ақсайға дейін);
- «Астана — Атбасар — Жақсы — Рузаевка — Сарыкөл — Қостанай — РФ шекарасы» жолы, 915-тен 1002 шақырымға дейін (Атбасар — Жақсы аралығы).
Сонымен қатар, «Жезқазған — Арқалық — Петропавл» автожолының Қостанай облысы шекарасынан Сурған елді мекеніне дейінгі 337–552 шақырым аралығы да жабылды. Бұл шешім қар бораны мен көру қашықтығының 50 метрге дейін төмендеуіне байланысты қабылданған.
«Жолдағы жағдайды ескере отырып, барлық автокөлік түрлеріне уақытша қозғалыс шектеуі қойылды», — деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖол» компаниясы.
