Фото: Әлеуметтік желіден
АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы федералды сотында Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флореске қатысты алғашқы сот тыңдалымы өтті. Тыңдау алдында ерлі-зайыпты Мадуролар тергеу изоляторынан сот ғимаратына жақын маңдағы аймаққа жеткізілген, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Сот залына Мадуро қолына кісен салынбай кіргізілді. Ол испан тілінде сөйледі, ал айыптаулар мен процедуралар аудармашы көмегімен түсіндірілді. Дәл сол жерде оған және жұбайына ресми түрде айыптар оқылды.
Әділет департаменті әзірлеген 25 беттік айыптау құжатында Мадуро мен Флореске есірткі мен қару саудасына қатысы бар, сондай-ақ «есірткі лаңкестігіне бағытталған астыртын әрекетке» араласты деген ауыр айып тағылып отыр.
Істі 92 жастағы округ судьясы Элвин Хеллерстайн қарауда. Ол бұрын 11 қыркүйек трагедиясы құрбандарын еске алу істері, АҚШ президенті Дональд Трампқа қатысты құжаттарды жалған жасау ісі және продюсер Харви Вайнштейнге қатысты процестерге қатысқан танымал сот төрешісі ретінде белгілі.
«Мен кінәсізбін. Мен ар-ожданы таза адаммын. Мен әлі де өз елімнің президентімін», – деді Мадуро сот отырысында.
