Фото: truthsocial.com/@realDonaldTrump
Николас Мадуро ұсталған сәтте үстінде болған Nike спорттық костюмі күтпеген жерден үлкен сұранысқа ие болды. Венесуэла басшысының қамауға алынған сәттегі фотосының әлеуметтік желілерде таралуы Nike брендіне қатысты коммерциялық қызығушылықты күрт арттырды. Бұл туралы The Economic Times басылымы жазды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі күні ұшақ бортында түсірілген Мадуроның суретін жариялаған. Кадрда Венесуэланың уақытша басшысы Nike Tech Fleece деп аталатын сұр түсті спорттық костюммен бейнеленген. Аталған фото кеңінен тарағаннан кейін Google жүйесінде дәл осы үлгідегі киімге қатысты іздеу саны айтарлықтай көбейген. Пайдаланушылар Nike өнімін «Мадуро киген костюм» деген атаумен жаппай іздей бастаған.
Басылым мәліметінше, сұраныстың күрт өсуі кейбір өлшемдер бойынша тауар тапшылығына да алып келген. Әсіресе 3XL өлшеміндегі спорттық костюмдерге қызығушылық жоғары болған. Бұл — Мадуро киген өлшем.
Қазіргі уақытта сұр түсті Nike спорттық жиынтығы компанияның ресми сайтында әлі де бар. Оның жалпы құны 260 долларды құрайды: күртешенің бағасы — 140 доллар, ал шалбар — 120 доллар.
Айта кетейік, сенбіге қараған түні Каракаста жарылыстар тіркелген. Осыдан кейін Дональд Трамп АҚШ-тың Венесуэлаға соққы жасағанын және Николас Мадуроның жұбайымен бірге ұсталып, елден әкетілгенін мәлімдеген еді. Кейінірек Трамп тұтқындалған Мадуроның фотосын жариялады. БАҚ дерегінше, елдегі соққылар салдарынан ондаған адам қаза тапқан.
