«Арзан вакцинадан балалар ауырып жатыр»: Министрлік жалған ақпаратты жоққа шығарды

Фото: pexels.com

Қазақстанда балаларға қолданылатын вакциналар қауіпсіз әрі сапалы. Денсаулық сақтау министрлігі вакцина жайлы әлеуметтік желіде тараған жалған мәлімдемелерге ресми түсініктеме берді.

Бұл туралы Qazaqtoday ақпарат агенттігі хабарлайды.

Балаларға арналған вакцинаның сапасына қатысты не белгілі?

Министрлік «арзан вакцинадан балалар ауырып жатыр» деген ақпаратты жоққа шығарды. Мұндай мәлімдемелер «Әңгіме бар» подкастында Нархоз университетінің профессоры ретінде көрсетілген Күлзада Әбенова тарапынан айтылған болатын. Ведомство оның сөзі шындыққа сәйкес келмейтінін ерекше атап өтті.

Мекеме мәліметінше, Қазақстанда қолданылатын барлық вакциналар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сай және халықаралық сараптамадан өткен. Олар клиникалық зерттеулердің нәтижесіне, қауіпсіздік көрсеткіштеріне, тиімділік деректеріне және өндірістік стандарттарға сүйене отырып сатып алынады.

Министрлік вакциналардың сапасына баса мән берілетінін, бағасы негіз болмайтынын нақты айтты. Сонымен қатар, әрбір препарат тіркеуден кейін де бақылауда болады.

Вакцинацияның нәтижесі қандай?

Соңғы онжылдықтарда вакцинацияның арқасында елде қызылша, қызамық, паротит, гепатит сияқты аурулар көрсеткіші айтарлықтай азайған. Мәселен, эпидемиялық паротит 100 есеге, А гепатиті 32 есеге, В гепатиті 92 есеге қысқарған. Ал полиомиелит 1996 жылдан бері, дифтерия 2009 жылдан бері тіркелмеген.

Министрлік дәлелсіз мәлімдемелер ата-аналардың сенімін төмендететінін және балаларға қауіп төндіретінін ескертеді. Елде медицина мамандары әрбір тіркелген жағымсыз жағдайды саралап, қажет болған жағдайда тез шара қабылдайды.

Мамандар азаматтарды ресми ақпаратқа сеніп, медициналық ұсыныстарды ұстануға және балалардың денсаулығына ұқыпты қарауға шақырады. Жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауап береді.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика