Фото: pexels.com
Айша Байбосынова жаңа жылдың қарсаңында ана атанды. Сүйінші жаңалықты әншінің өзі әлеуметтік желіде бөлісті.
Оның айтуынша, 26 желтоқсанда дүниеге келген ұлына Тұрсынғали деген есім берілген. Баланың кіндік ата-анасы ретінде Баян мен Тұрсын Алагөзовтер таңдалған.
Бұл туралы Qazaqtoday ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Аллаға шүкір, сабырмен күткенге сый ерекше болады екен. Бұл бала – өміріме келген үлкен аманат, маңдайыма жазылған ең тәтті бақ», – деді Байбосынова өзінің парақшасында.
Сондай-ақ, ол баласының есімі мен кіндік ата-анасы туралы да бөлісті. Тұрсын мен Баян Алагөзовтер – отбасына жақын жандар екенін атап өтті.
Неге дәл Тұрсынғали есімі таңдалды?
Айшаның жазуынша, бұл есім – достық пен тағдыр тоғысының белгісі. Ол ата-аналық жолда құрмет тұтатын адамдардың есімін беруді жөн көрген.
«Кіндік әкеңдей жомарт жүректі, мейірімді, көзі ашық, көкірегі ояу, елге сыйлы, ырыс-несібесі мол азамат бол», – деп тілек білдірді әнші ұлына.
Айта кетейік, Баян Алагөзова – отандық шоу-бизнесте танымал продюсер, ал Тұрсын Алагөзов – белгілі кәсіпкер. Олардың кіндік ата-ана атануы көпшіліктің назарын аударды.
