Фото: digitalbusiness.kz
Қазақстан Ұлттық банкі алаяқтықпен күрес аясында жаңа ереже ұсынып отыр: банктер күмән тудыратын мобильді аударымдарды 24 сағатқа дейін уақытша тоқтата алады — бұл туралы Ұлттық банктің төраға орынбасары Берік Шолпанқұлов мәлімдеді.
Жаңа бастама қазақстандықтарға телефон арқылы психологиялық қысыммен жасалатын алаяқтық әрекеттерден қорғануға бағытталған.
Бұл туралы Qazaqtoday ақпарат агенттігі хабарлайды.
Егер азамат ескертулерге қарамастан, психологиялық қысым нәтижесінде алаяқтарға ақша жіберуге тырысса, банк бұл төлемді уақытша тоқтатып, клиентті бөлімшеге шақырып, шешімінің саналы екенін жақын туысымен бірге растауын талап ете алады.
Берік Шолпанқұловтың айтуынша, туыстың қатысуы — эмоцияға берілген немесе импульсив шешімдердің алдын алудың бір жолы. Мұндай жағдайлар кейін банкке «ақшамды қайтарыңдар» деп жүгінетін клиенттер санын азайтуға көмектеседі.
Қарапайым мобильді аударымдар да тексерілуі мүмкін бе?
Қазір банктер жеке тұлғалар арасында жиі түсетін ірі көлемді мобильді аударымдарға ерекше көңіл бөліп отыр. Мысалы, егер жеке шотқа айына 100-ден астам әртүрлі адамнан ақша түсіп тұрса және бұл үрдіс үш ай қатарынан байқалса — банк бұл әрекетті тәуекелі жоғары деп бағалап, қосымша тексеріс жүргізуі мүмкін.
Банктер аударым мәтіндерін көре алады, сондықтан «түсініктемесіз» жиі аударымдар жасырын кәсіпкерлік ретінде қабылдануы мүмкін. Ал салық органдары бұл мәліметтерге банктің тікелей жіберілімі негізінде ғана қол жеткізе алады.
Қандай аударымдар қауіпсіз және бақылауға алынбайды?
Банк тарапынан күмән туғызбайтын аударымдарға өз шоттарыңыз арасындағы операциялар жатады — мысалы, картадан депозитке немесе керісінше. Мұндай операциялар бизнес ретінде қарастырылмайды, сондықтан бақылау тізіміне енбейді.
