Ирандағы көтерілістер күшейді: 36 қалада тәртіпсіздік тіркелді

Фото: pexels.com

Иранда ұлттық валютаның күрт құнсыздануы мен азық-түлік бағасының шарықтауы ел бойынша жаппай наразылық тудырды. Қазірдің өзінде 36 қалада толқулар тіркеліп, полициямен қақтығыстар орын алуда. Бұл туралы ақпаратты Reuters агенттігі таратты.

Экономикалық дағдарысқа байланысты 28 желтоқсанда Тегерандағы саудагерлер дүкендерін жауып, наразылыққа шыққан. Артынша студенттер де қосылды. Жағдай ушығып, бірнеше қалада әскери жағдай енгізілді, тұрғындар үкіметтік мекемелерге шабуыл жасап жатыр.

Бұл туралы Qazaqtoday ақпарат агенттігі хабарлайды.

Соңғы мәліметке сәйкес, Иранда желтоқсан айындағы инфляция 42,5 пайызға жетіпті. Ал азық-түлік бағасы былтырғымен салыстырғанда 72 пайызға артқан. Ұлттық валюта — иран риалы, биыл долларға шаққанда құнының жартысын жоғалтқан.

Наразылық неден басталды және халық не талап етуде?

Наразылықтың түпкі себебі — Иран экономикасының жылдан-жылға әлсіреуі. АҚШ пен Батыс елдерінің санкциялары да ел ішіндегі жағдайды қиындатып тұр. Халық биліктен нақты әрекет пен жауапкершілік талап етуде.

Солтүстік Ирандағы қалада жазатайым оқиғада қаза тапқан бұрынғы президент Ибрахим Раисидің ескерткішін наразылық білдірушілер құлатып тастады деген ақпарат та тарап отыр. Бұл — елдегі ахуалдың қаншалықты шиеленіскенін көрсетеді.

Қазақстанмен байланыс қандай?

Айта кетейік, желтоқсан басында Иран президенті Масуд Пезешкиан Астанаға ресми сапармен келіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Бұл оның мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы сыртқы сапары болды.

Қазір Пезешкиан Ішкі істер министріне ереуілшілермен диалог орнатуды тапсырды. «Үкімет міндетін жауапкершілікпен атқаруы үшін халықтың мәселесін тыңдауы керек», — деді ол.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика