Фото: pexels.com
1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Қаржы министрлігі ұсынған өзгерістерге сәйкес, салық салу тәртібі жаңарып, онлайн сервистер арқылы төлеу оңайлады.
Жаңа ережелер бизнесмендер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға тікелей әсер етеді, ал табысы жоғары азаматтар үшін қосымша салық енгізілді.
Бұл туралы Qazaqtoday ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кәсіпкерлер мен азаматтар үшін салық енді қалай есептеледі?
Корпоративтік табыс салығы жалпы 20 пайыз деңгейінде қалды. Дегенмен бұл мөлшерлеме кей салалар үшін өзгертіліп отыр:
— Банктер мен ойын бизнесі 25 пайыз салық төлейді;
— Әлеуметтік бағыттағы ұйымдар үшін 2026 жылы — 5%, 2027 жылы — 10%;
— Ауыл шаруашылығы өндірушілері бұрынғыдай жеңілдетілген 3 пайыз мөлшерлемемен жұмыс істейді.
Қосылған құн салығы (ҚҚС) 16 пайызға артты. Бірақ әлеуметтік маңызы бар салалар үшін жеңілдіктер сақталады.
2026 жылы дәрі-дәрмек пен медициналық қызметке — 5%, ал 2027 жылы — 10% ҚҚС қолданылады. Сонымен қатар, тегін медицина, әлеуметтік сақтандыру, кітап шығару мен археологиялық қызметтер ҚҚС-тан толық босатылады.
Жеке табысқа да жаңа тәртіп кірді
Жеке табыс салығы прогрессивті жүйеге көшті. Жылына 8 500 АЕК-тен (яғни 34 млн теңгеге жуық) жоғары табысы бар азаматтар енді 15 пайыз салық төлейді.
Сондай-ақ дивидендтерге де көбейтілген мөлшерлеме қарастырылған. Алайда, зейнетақы төлемдеріне байланысты жеңілдіктер сақталады.
