Фото: pkzsk.info
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан азаматтары жеке куәлікті алғаш рет рәсімдеген кезде немесе оның жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін қайта алған жағдайда мемлекеттік баж төлемейді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, құжаттандыру саласында цифрландыру қарқынды енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта төлқұжаттарды электронды форматта ресімдеу мүмкіндігі тек ел ішінде ғана емес, шетелде жүрген азаматтар үшін де қолжетімді. Қызмет бүгінде 71 елдегі 99 шетелдік мекемеде іске асырылған. Соның нәтижесінде бұрын шетелде паспорт алу үшін 6 ай күту қажет болса, енді оны 30 күн ішінде рәсімдеуге болады.
Ведомство азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау үшін құжат беру процесін жеңілдету және толық цифрландыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықовтың айтуынша, Қазақстанда халықты құжаттандырудың бірыңғай жүйесі қолданыста. Сол арқылы азаматтарға ЖСН беріледі, жеке куәлік пен паспорт рәсімделеді, сондай-ақ тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеу жүргізіледі.
ІІМ бастамасымен енгізіліп отырған жаңа норма азаматтардың шығынын азайтып, құжат рәсімдеу тәртібін жеңілдетуге бағытталған.
«2026 жылдан бастап алғаш рет берілетін жеке куәлік тегін болады. Сондай-ақ жеке куәліктің қолдану мерзімі аяқталған кезде оны ауыстыру кезінде де мемлекеттік баж алынбайды», – деді Аслан Аталықов.
