Ресей рублінің құлдырауы: Қазақстан дүкендерінде баға өзгере ме?

Фото: life.ru

Соңғы күндері Ресей рублінің долларға және теңгеге шаққандағы бағамы күрт төмендеді. Бұл жағдай Қазақстан халқының да назарын аудармай қоймады. Өйткені екі ел арасындағы экономикалық байланыс тығыз — импорттық тауарлар мен азық-түлік жеткізілімі, кәсіпкерлердің серіктестік байланыстары, тіпті қарапайым халықтың онлайн сатып алуларына дейін әсер етеді. Ендеше, рубльдің құнсыздануы біздің қалтамызға қалай әсер етуі мүмкін екенін Qazaq.Today ақпарат порталының тілшісі зерттеп білді.

Қазақстан нарығында Ресейден келетін тауарлардың үлесі жоғары. Бұл, әсіресе, азық-түлік, құрылыс материалдары, тұрмыстық техника, киім-кешек және автокөлік бөлшектері сияқты салаларда байқалады. Егер рубльдің құны түссе, ресейлік өнімдердің бағасы да арзан болуы мүмкін. Алайда бұл — уақытша құбылыс.

Ірі жеткізушілер валюталық тұрақсыздық кезеңінде бағаны қайта қарап, тәуекелдерді ескере отырып, қосымша маржа қосуы мүмкін. Сонымен қатар, тасымал, салық, сақтандыру шығындары мен кедендік рәсімдер де бағаға әсер етеді. Сондықтан тауар бағасы бірден арзандай қоймауы мүмкін.

Қай салаларда баға төмендеуі ықтимал екені төмендегідей:

• Киім мен аяқкиім — Ресейде тігілген немесе Ресей арқылы әкелінетін өнімдер арзандауы мүмкін;

• Кейбір азық-түлік түрлер — макарон, тәттілер, консервілер, кейбір сүт өнімдері арзандауы ықтимал;

• Автокөлік бөлшектері мен құрал-жабдықтар — ресейлік баламалары уақытша арзандауы мүмкін.

Дегенмен керісінше үрдіс те болуы мүмкін.  Ресейдегі экономикалық тұрақсыздық өндірушілерге қысым жасайды. Егер өндіріс көлемі азайса немесе тасымалдау мәселелері туындаса, кей тауарлар тапшылығы пайда болып, оның бағасы керісінше өсуі мүмкін. Сонымен қатар, Ресейден келетін тауардың арзандауы отандық өнім өндірушілерді нарықта бәсекелестікке мәжбүр етеді. Бұл жағдайда да кей кәсіпкерлер шығындарын жабу үшін бағаны көтеруі мүмкін.

Ресей рублінің құлдырауы Қазақстан нарығына әсер ететіні сөзсіз. Алайда оның оң немесе теріс ықпалы тауар түріне, жеткізу жолына және нарықтағы бәсекелестікке байланысты. Қысқа мерзімде кей өнімдердің арзандауы мүмкін, бірақ бұл ұзақмерзімді тұрақты тренд емес. Халық пен кәсіпкерлерге валюта бағамына қарап шешім шығаруға асықпай, нарықтағы нақты өзгерістерді байқау маңызды.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика