Негізгі мазмұнға өту
Бейсенбі, 1 қазан 2026 $ 439,7↓€ 498,3↓₽ 5,25↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Елдос Сметов финалдағы төрешілік шешімге күмән келтірді

    Елдос Сметов финалдағы төрешілік шешімге күмән келтірді
    Фото: Казинформ

    Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында күміс жүлдеге ие болды. Осылайша ол құрлық додасында 12 жыл үзілістен кейін қайтадан жүлдегер атанды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.

    Сметов ақтық сындағы жапониялық Хаято Кондомен өткен белдесуді саралап, бірнеше төрешілік шешімге қатысты түсініксіз тұстар болғанын айтты.

    «Белдесу ойдағыдай өтті. Қарсылас өз алаңында күрескендіктен, өзін белгілі бір деңгейде еркін сезінді. Бірнеше сәтте төрешілердің шешімімен келіспейтін тұстарым болды. Мысалы, ішпен түскен кезде не үшін “юко” ұпайы берілгенін түсінбедім. Соңғы шабуылда иппон немесе вазари алуды көздедім, алайда қарсылас сытылып кетті», – деді дзюдошы.

    Оның айтуынша, Азия ойындарындағы бәсекелестік деңгейі жоғары. Сметов жарыс барысында Оңтүстік Корея, Моңғолия және Қытайлық Тайбэй спортшыларымен белдескен. Оның қарсыластарының барлығы әлемдік жарыстарда жүлде алған дзюдошылар болған.

    «Ақтық сындағы жапониялық Хаято Кондомен алғаш рет кездестім. Жалпы бәсекелестік жоғары деңгейде болды», – деді ол.

    Олимпиада чемпионы алдағы жарыстарға дайындық кезінде жіберген қателіктерін талдап, кемшіліктерін түзетуге ниетті екенін жеткізді.

    «Әрқашан қателіктерді саралап, алға жылжу керек. Өзімді ең мықтымын деп санамаймын. Бірақ олқылықтарымды толықтырып, одан да мықты болып оралатыныма сенімдімін», – деді Елдос Сметов.

    Спортшы Олимпиададан кейінгі екі жылда жарыстардан үзіліс алғанын және екі рет операция жасатқанын атап өтті. Қазір бабына қайта келіп, Азия ойындарына дайындықпен келгенін айтты.

    «Мен үшін бұл жаман нәтиже емес. Алда әлі талай байрақты бәсеке бар», – деді дзюдошы.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →