Ауыл шаруашылығындағы алаяқтық: министрлік бақылаудың әлсіз болғанын мойындады
Фото: видеодан скрин
Ауыл шаруашылығы саласындағы жеңілдетілген несие мен мемлекеттік қолдауға қатысты бұрын болған заңбұзушылықтарға бақылаудың жеткіліксіздігі себеп болған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин айтты. Оның сөзінше, 2020–2024 жылдары мал сатып алған кей шаруашылықтар оны белгіленген мерзімге жеткізбей қайта сатып жіберген, алайда жергілікті ауыл шаруашылығы басқармалары мұны тиісті деңгейде тексермеген. Ереже бойынша несие немесе қолдау арқылы алынған малды екі-үш жыл бойы басқа адамға сатуға болмайды. Енді министрлік осы олқылықтар қайталанбауы үшін талаптарды өзгертіп, жергілікті басқармаларға шаруашылықтарды жылына кемінде бір рет міндетті түрде тексеруді енгізбек.
Алайда «Кең дала 2» бағдарламасының жаңа кезеңі басталар тұста бұрынғы заңбұзушылықтардың бірнеше жыл бойы неге дер кезінде анықталмағаны туралы мәселе ашық қалып отыр.
