«Алла сабыр берсін»: Әзербайжан Қазақстанға көңіл айтты
Фото: әлеуметтік желі
Әзербайжан Каспий теңізінде қаза тапқан қазақстандық әскери қызметшілерге байланысты көңіл айтты, деп жазады Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
«Каспий теңізінде Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде адамдардың қайғылы қаза тапқаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадық. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқына және Үкіметіне шын жүректен көңіл айтамыз. Алла марқұмдарға мәңгілік тыныштық нәсіп етіп, олардың отбасыларына осы ауыр кезеңде күш-қуат пен сабыр берсін. Әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында тұрған азаматтардың аман-есен құтқарылуына үміттенеміз және зардап шеккен әскери қызметшінің тезірек сауығып кетуін тілейміз», – делінген Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің бейсенбі күні таратқан мәлімдемесінде.
Бұған дейін алдын ала мәлімет бойынша Маңғыстау облысында өткен әскери оқу-жаттығу кезінде 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткені хабарланған еді. Кейін олардың тоғызының қаза тапқаны ресми түрде расталды.
