Сәтбаевта 25 мың адам Кеншілер мен байытушылар күнін дүркіретіп атап өтті
Фото: Қазақмыс
Сәтбаев қаласының 25 мыңға жуық тұрғыны мен қонағы өңірдің басты кәсіби мерекесі – Кеншілер мен байытушылар күнін атап өту үшін қаланың орталық алаңына жиналды. Тарихы тау-кен саласымен біте қайнасқан қала үшін бұл күн көпшілікті біріктіретін дәстүрлі отбасылық мерекеге айналды, деп жазады Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Сәтбаевтың орталық алаңында қала тұрғындары мен қонақтарына танымал өнерпаздар – «МузАрт» тобы, Мирас Жүгінісов, Маржан Арапбаева, Мақпал Исабекова, Мархаба Сәби, сондай-ақ Президенттік оркестрдің солистері Еркебұлан мен Бауыржан өнер көрсетті. Мерекелік кеш Қайрат Нұртастың және A’Studio тобының концерттік бағдарламасымен аяқталды. «МузАрт» тобының өнері көрермендердің ыстық ықыласына ие болды.
«Бүгін Сәтбаев тұрғындарымен бірге болу – біз үшін үлкен мәртебе. Барша кеншілерге зор денсаулық, амандық және ең бастысы, қауіпсіз еңбек тілейміз. Әрдайым үйлеріңізде жақындарыңыз күтіп отырсын», – деп «МузАрт» тобының музыканттары көрермендерге жылы лебізін білдірді.
Мерекелік кештің жалғасы ретінде танымал қазақстандық әнші Қайрат Нұртас өнер көрсетті. Көпшілікке кеңінен танымал әндер орындалып, орталық алаңда мерекелік көңіл күй орнады. Мерекелік бағдарламаны A’Studio тобы қорытындылады. Музыканттар қала тұрғындарына көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерін ұсынып, оларды кәсіби мерекемен құттықтады:
«Бұл жерде ерекше мерекелік көңіл күй сезіледі. Мыңдаған адам бір мерекеде бас қосып отыр. Әрбір кенші мен байытушының шаңырағында бейбітшілік, денсаулық пен молшылық орнасын!».
Бірнеше сағатқа созылған гала-концерт мерекелік отшашумен аяқталды. Бұл күні Сәтбаевтың орталық алаңы бірнеше буын кеншілерін, олардың отбасы мен қала тұрғындарын бір ортаға тоғыстырды. Жұрт кеншілер қаласының тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналған кәсіби мерекені бірге атап өтті.
