БАӘ-де қаза тапқан екі қазақстандық қыздың денесі табылды
БАӘ-нің Шарджа қаласында екі қазақстандық қыз қайтыс болды. СІМ мәліметінше, тергеу жүріп жатыр, консулдық көмек көрсетілуде.
Сурет: turkystan.kz
Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Шарджа қаласында Қазақстанның екі азаматы қайтыс болды. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта жергілікті құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат әзірге жарияланбайды.
Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы марқұмдардың отбасыларына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Бұл көмек құжаттарды рәсімдеу және БАӘ-нің құзырлы органдарымен байланыс орнату мәселелерін қамтиды.
«Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі БАӘ-нің Шарджа қаласында қаза тапқан азаматтарымыз А. Б. және Ж. Б-ның туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады. СІМ қаза тапқандардың отбасыларымен байланыста және өз құзыреті шеңберінде оларға қажетті көмек көрсетіп жатыр», – делінген министрлік хабарламасында.
Марқұмдардың туыстарының айтуынша, 2004 және 2006 жылы туған қыздар Шарджада жұмыс істеген. Олар тамыздың соңы немесе қыркүйектің басында Қазақстанға оралуды жоспарлаған. Алайда шамамен бір апта бұрын жақындарымен байланыс үзілген.
Кейін туыстары қыздардың денелері табылғанын хабарлаған. Сондай-ақ отбасы өкілдері олардың пышақ жарақатынан қаза болғанын және күдіктінің ұсталғанын айтқан. Күдіктінің Қазақстан азаматы болуы мүмкін екені де сөз болған.
Алайда бұл мәліметтерді, соның ішінде өлімнің нақты себебі, күдіктінің ұсталғаны және оның азаматтығы туралы ақпаратты ресми органдар әзірге растаған жоқ.
Әлеуметтік желіде марқұмдардың туыстары қыздардың денесін Қазақстанға жеткізу мәселесінде көмек сұраған.
