Қазақстан музейлері Қазандағы халықаралық форумға қатысты
Қазақстанның Ұлттық орталық музейі Қазандағы халықаралық форумға қатысып, Ұлы Жібек жолы мұрасын таныту мен музейаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Сурет: egemen.kz
Қазақстанның Ұлттық орталық музейінің өкілдері Қазан қаласында өткен «РОСТКИ: Ресей мен Қытай – өзара тиімді ынтымақтастық» атты IV халықаралық форумға қатысты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Форум аясында Қазақстан, Ресей және Қытайдың музей ісі, ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдері бас қосып, мәдени мұраны сақтау мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Қазақстандық тарап «Тарихи бағыттардан заманауи әріптестікке дейін: Ұлы Жібек жолы мұрасы аясындағы Қазақстан мен Қытайдың музейаралық ынтымақтастығы» тақырыбында баяндама жасады.
Жиында Ұлы Жібек жолының мұрасын зерттеу және кеңінен танытудағы музейлердің рөлі, сондай-ақ мәдениет ұйымдары арасындағы ғылыми және кәсіби байланысты дамытудың заманауи жолдары сөз болды.
Форум барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі мен Татарстан Республикасының Ұлттық музейі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат аясында екі елдің музейлері бірлескен көрмелер өткізіп, ғылыми жұмыстар мен білім беру жобаларын жүзеге асырады. Сондай-ақ тәжірибе алмасып, кәсіби байланыстарды одан әрі дамыту көзделген.
