Саят Исембаев Джеки Чанмен бірге түскен суретін жариялады
Саят Исембаев Джеки Чанмен бірге түскен суретін жариялап, оған деген құрметін білдірді. Желі қолданушылары екі жұлдыздың кездесуін жылы қабылдады.
Сурет: turkystan.kz
«Рэкетир» фильмі арқылы танымал болған актер Саят Исембаев әлемге әйгілі актер әрі каскадер Джеки Чанмен бірге түскен суретін әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Өнер иесінің айтуынша, фотосурет 2026 жылғы 11 тамызда түсірілген. Саят Исембаев бала кезінен Джеки Чанның фильмдерін көріп өскенін айтып, оған деген құрметін білдірді.
«Мистер Джеки Чан. Әлемдік аңыз. Бала кезімізде фильмдеріңізге барып, сізге сүйсініп қарайтынбыз. Сіз мықтысыз», – деп жазды Саят Исембаев.
Екі актердің бірге түскен кадры желі қолданушыларының назарын бірден аударды. Оқырмандар пікірде «Екі жұлдыз», «Екі аңыз», «Аңыз бен аңыз», «Керемет кадр» деп жылы лебіздерін білдірген.
Кейбір желі қолданушылары әзілдеп, «Жаңа «Рэкетир 4» фильмінің құрамын енді білдік» деген пікір де қалдырған.
