Мөлдір Мұқанова жаңа әнімен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа назар аударды
Мөлдір Мұқанова жаңа әнін ұсынып, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа назар аударды. Әншінің пікірінше, бұл туынды қоғамды қатыгездікке қарсы тұруға үндейді.
Сурет: turkystan.kz
Әнші Мөлдір Мұқанова әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа туындысын таныстырып, оның шығу тарихымен бөлісті. Ол бұл жазбасы ешкімнің тағдырын пайдалануға немесе біреуді айыптауға бағытталмағанын атап өтті, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Соңғы кездері елімізде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғалары жиілеп кеткені белгілі. Осыған бейжай қарай алмаған өнер иесі жаңа әнін арнады. Ол бұл туынды арқылы зардап шеккен әйелдердің тағдырына қоғамның назарын аударып, қатыгездікке қарсы тұруға шақырғысы келгенін жеткізді.
«Менің бұл жазбам – біреудің өмірінен хайп табу немесе біреудің өліміне айып тағу емес. Мен жылағанда ел жұбатты, ел жылағанда мен жұбатпаймын ба? Мақсат керіс те, жеңіс те емес. Жанымның ауырып, жүрегімнің сыздап отырғаны – ана баласыз қалды, сәби анасыз қалды, бір жүректің соғуы тиылды, бір гүлдің тамыры қиылды… Ана жүректегі жарақатты ешкім өшіре алмайды, солған гүлді ешкім қайта өсіре алмайды, қоғам қатігездікті кешіре алмайды…» – деп жазды Мөлдір Мұқанова.
