Негізгі мазмұнға өту
Бейсенбі, 20 тамыз 2026 $ 462,1 534,9 5,44
  • Информационное сообщение
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Аида Балаева БҰҰ еріктілер бағдарламасының өкілімен кездесті «Қайсар» Қазақстан кубогының финалына жолдама алды Кети Топурия қазақ тілінде ән орындап, желіде түрлі пікір тудырды Қазақстанда 20 тамыздан бастап смартфондарды міндетті верификациясыз сатуға тыйым салынады Кәмшат Жолдыбаева ана атанғанын растап, жеке өмірі жайлы сыр шертті Испания королі VI Фелипе Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс хат жолдады Аида Балаева БҰҰ еріктілер бағдарламасының өкілімен кездесті «Қайсар» Қазақстан кубогының финалына жолдама алды Кети Топурия қазақ тілінде ән орындап, желіде түрлі пікір тудырды Қазақстанда 20 тамыздан бастап смартфондарды міндетті верификациясыз сатуға тыйым салынады Кәмшат Жолдыбаева ана атанғанын растап, жеке өмірі жайлы сыр шертті Испания королі VI Фелипе Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс хат жолдады

    Аида Балаева БҰҰ еріктілер бағдарламасының өкілімен кездесті

    Аида Балаева БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбановпен кездесіп, волонтерлік ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

    Аида Балаева БҰҰ еріктілер бағдарламасының өкілімен кездесті

    Сурет: egemen.kz

    Астанада Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Біріккен Ұлттар Ұйымы Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбановпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

    Кездесу барысында Халықаралық волонтерлер жылы аясында атқарылған бірлескен жұмыстың қорытындылары сараланып, Қазақстан мен БҰҰ Еріктілер бағдарламасы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың басым бағыттары талқыланды.

    Аида Балаева Тойли Курбановқа және оның тобына бірлескен жобаларды іске асыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Ол Қазақстан Халықаралық волонтерлер жылын жариялауды ұсынған ел ретінде өз мақсаттарын халықаралық деңгейде ілгерілетуге белсенді атсалысып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, вице-премьер Мемлекет басшысы волонтерлік қозғалысты дамытуға ерекше мән беретінін жеткізді.

    «Қазақстандағы волонтерлік қозғалыс Президенттің жан-жақты қолдауына ие. Мемлекет басшысы 2019 жылы 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялағаннан кейін бұл бағыт тың серпін алып, қарқынды дами түсті. Бүгінде волонтерліктің сан алуан саланы қамтып, жас ерекшелігіне қарамастан адамдарды ортақ іске жұмылдыруы ерекше маңызды. Оның қоғамдағы айрықша мәні жаңа Конституциямыздан да көрініс тапты. Волонтерлік қызмет мәртебесінің конституциялық деңгейде бекітілуі мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтуге және осы саланы дамыту тәсілдерін жетілдіруге жаңа мүмкіндіктер ашады. Президентіміздің бастамасымен жарияланған Халықаралық волонтерлер жылы адамдар мен қауымдастықтарды ортақ мақсаттар мен құндылықтар, қоғам игілігіне қызмет ету мұраты төңірегінде біріктірген тағы бір маңызды қадам болды», деді Аида Балаева.

    Кездесуде Қазақстан Халықаралық еріктілер жылын жекелеген іс-шаралар жиынтығы ретінде ғана емес, волонтерлікті дамытудың ұзақмерзімді тетіктерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды бастама ретінде қарастыратыны атап өтілді.

    Осыған байланысты Аида Балаева волонтерлерді тіркеуге, олардың мәртебесін айқындауға және қызмет бағыттарын жүйелеуге арналған бірыңғай халықаралық портал құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

    Мұндай ресурс волонтерлер қауымдастығының нақты үлесін бағалауға, сұраныс жоғары және жеткілікті дамымаған бағыттарды анықтауға, бірлескен жұмысты тиімді үйлестіруге, сондай-ақ волонтерлерді қолдау, ынталандыру және көтермелеу тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

    Өз кезегінде Тойли Курбанов Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігімен ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы жүйелі әрі үйлесімді бірлескен жұмысты атап өтті.

    «Бүгінде волонтерліктің көпполюсті әлемі қалыптасып келеді. Қазақстан – оның негізгі орталықтарының бірі. Бәлкім, біз бұл оқиғаның тарихи маңызын әлі де толық бағамдап үлгермеген шығармыз. Алайда арада жылдар өткенде жұрт мұның бәрі Халықаралық волонтерлер жылын жариялауды әлемдік қауымдастыққа алғаш ұсынған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасынан бастау алғанын айтады», деді БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі.

    Кездесу соңында тараптар Халықаралық еріктілер жылы аясындағы бастамаларды жүзеге асыру, сондай-ақ волонтерлік қозғалысты одан әрі дамыту және қолдау бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

    Айта кетейік, 20 тамызда Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы волонтерлерінің алғашқы форумы өтеді.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →