Мәскеуде Wildberries қоймасы тағы да дрон шабуылынан өртенді
Мәскеу облысының Подольск қаласында украиналық дрондардың шабуылынан Wildberries қоймасы өртенді. Зардап шеккендер бар, бір адам қаза тапты.
Сурет: politico.kz
16 тамызда таңертең Мәскеу облысының Подольск қаласында украиналық дрондардың шабуылынан Wildberries компаниясының тағы бір логистикалық қоймасында өрт шықты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, қауіпсіздік талаптарына сәйкес нысаннан алдын ала эвакуация жасалған. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар оқиға орнына жұмылдырылды. Қазіргі уақытта логистикалық тізбектер қайта құрылып, тауарларды қабылдау және тапсырыстарды жөнелту басқа нысандар арқылы жүзеге асырылуда.
Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің айтуынша, шабуыл салдарынан өңірдің бірнеше елді мекенінде зардап шеккендер бар.
Раменское муниципалдық округінде дрон жеке үйдің аумағына құлап, 83 жастағы ер адам қаза тапты. Подольскіде үш адам жарақат алды. Климовскіде жүк көлігінің жүргізушісі қолынан жараланып, тағы бір ер адам сынық жарақатын алған. Железнодорожный елді мекенінің тұрғыны иығынан жараланған. Билік олардың өміріне қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеді.
Сонымен қатар Подольскіде жеке үй, жеңіл көлік және электр желісі зақымданған.
Домодедовода дәрі-дәрмек сақталған қойма өртеніп, бірнеше көпқабатты үй, екі жеке үй және сауда орталығының шатыры бүлінген. Чеховта жеке үй мен шіркеу мектебінің ғимараты зақымданса, Ступинода дронның құлауынан бау-бақша серіктестігіндегі монша қираған.
Төтенше жағдайлар қызметтері өңірдегі шабуыл салдарын жою жұмыстарын жалғастырып жатыр.
