Нұрай Серікбайдың қазасы: Күдікті сотта сөз алды
Шымкентте марқұм Нұрай Серікбайдың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Айыпталушы Шерхан Аймаханның нұсқасы бойынша, ол 2025 жылдың қыркүйегінен бастап Нұраймен кездесіп жүрген. Оның сөзінше, Нұрай отбасын құру үшін онымен бірге Шымкентке баруға келіскен. Бірақ марқұм қыздың туыстары бұған қарсы болған. Сотталушы Нұрайға үйлену туралы ұсыныс жасағанын, қыз оны қабылдағанын жеткізді. Шерхан Аймахан сталкинг айыбын да жоққа шығарып отыр.
Айыпталушы 11 қаңтарда болған оқиғаға тоқталды. Оның сөзінше, ол сол күні Нұраймен арадағы қарым-қатынасын үзу үшін барған. Сотталушы кездесу алдында көліктің ішінен екі пышақты кездейсоқ байқап қалғанын айтады.
Айыпталушы сотта жауап алу барысында денсаулығына қатысты мән-жайларға да тоқталып өтті.
«Сарапшылар маған «аралас ойлар мен әрекеттер» деген диагноз қойды. Бұл 2019 жылы бассейнге секіріп, басымды бетонға соғып алғаннан кейін басталды. Бұған дейін де ештеңені есіме түсіре алмайтын сәттер болған», – деді сотталушы.
Жәбірленуші тараптың адвокаты сотталушыдан марқұмға қанша рет пышақ сұққанын сұрады.
«Нұрай маған пышақ сұққаннан кейін есімнен танып қалдым. Одан кейін не болғаны есімде жоқ. Көзімді ашсам, далада жатырмын. Қан ағып жатты, ал екі пышақ қалтамда болды. Кейін жолға шығып, ақ түсті көлікті тоқтаттым. Мені полиция бөлімшесіне жеткізді. Не болғанын сол жерде ғана білдім», – деді айыпталушы.
Сотталушы марқұмның жақындарынан кешірім сұрады.
«Нұрайдың ата-анасынан, бауырларынан, туған-туыстарынан, өз ата-анамнан кешірім сұраймын. Мұндай болады деп ешқашан ойлаған емеспін. Қазақстан халқынан кешірім сұраймын. Уақытында емделмей, бәрін осындай жағдайға жеткізгеніме қатты өкінемін», – деді айыпталушы.
Айта кету керек, бұған дейін Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сұмдық жайт белгілі болғанын жазғанбыз.
