Сазгер Сержан Бақытжанұлы дүние салды
Қазақстандық танымал сазгер Сержан Бақытжанұлы қайтыс болды. Ол Орда, Ninety One топтарына ән жазған. Әнші Дастан Оразбеков Instagram-да қайғылы хабарды жариялады.
Сурет: ozgeris.info
Сазгер Сержан Бақытжанұлы қайтыс болды. Бұл туралы оның досы, әнші Дастан Оразбеков Instagram-да хабарлады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Сержан Бақытжанұлы Орда, Ninety One топтарына және көптеген әндердің авторы ретінде танымал болды. Оның қаламынан туған «Қыйлы заман», «Ғашықсың ба?», «Жауап бер», «Тағдыр» сынды туындылар халық арасында кең тараған. Сондай-ақ ол «91» тобына арнап шығармалар жазды.
Дастан Оразбеков жүрекжарды жазбасында: «Досым, Алла алдыңнан жарылқасын… Бүгінгі қайғылы хабар қабырғамызды қайыстырды. Құрметті оқырман, бүгін өмірден менің досым, сырласым, әріптесім, ақылдасатын кеңесшім, өнер жолын бірге кешкен аяулы азамат – Сержан Бақытжанұлы өмірден озды. Досым, сенің жазған әндерің сенің есіміңді мәңгілікке қалдырады. Мен бұған кәміл сенемін. Сенің қаламыңнан туған «Орда» тобының әндері, «Қыйлы заман», «Ғашықсың ба?», «Жауап бер», «Тағдыр». «91» тобына арналған шығармаларың, сондай-ақ менің орындауымдағы «Көк аспан» әні – бәрі де халықтың жүрегінен орын алған, ел аузында жүрген туындылар. Сенің жомарттығың, кеңдігің, тереңдігің мені әрдайым таңғалдыратын. Сенімен сырласу, пікірлесу мен үшін үлкен бақыт әрі мақтаныш еді. Әр кездесуден кейін көңілім марқайып қайтатын. Өкінішке қарай, енді ондай күндер қайтып келмейді. Алла Тағала алдыңнан жарылқап, бұл өмірде көре алмаған қызығың мен жете алмаған армандарыңды артыңда қалған қыздарыңа, бауырларыңа, ата-анаңа нәсіп етсін. Сен біздің жүрегімізде мәңгі сақталасың. Жаның жәннатта, иманың жолдас болсын, досым», — деп жазды.
