Фото: Видеодан скрин
Әлеуметтік желіде 74 жастағы әженің парапланмен тау үстінде ұшып жүрген видеосы тарап, көпшілікті тәнті етті, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Жасы ұлғайса да, өмірге деген құлшынысы мен батылдығын жоғалтпаған ананың бұл әрекеті желі қолданушыларын сүйсінтті. Бейнежазбаны әлеуметтік желіге қызы жариялаған. Бүгінде бұл видео 2 миллионнан астам қаралым жинады.
«Анашым 74 жаста… Ал істеп жүргені мынау… Не дейсіздер, ал?!» – деп жазды қызы.
Видеодан әженің нұсқаушымен бірге биік таулардың үстінде еш қорықпастан, еркін ұшып бара жатқанын көруге болады. Тіпті, көптеген жастардың жүрегі дауаламайтын бұл экстремалды сәтте әже қорқудың орнына, көңілді күйде ән салып, аспанда ұшудан ерекше ләззат алған. Бұл бейнежазба желі қолданушыларының арасында тез тарап, жылы пікірлерге ие болды.
Оқырмандар әженің мықты рухы мен ширақтығына таңғалып, оған күш-қуат, зор денсаулық тіледі.
“Мен де осындай әже боламын”, “Керемет”, “Ұзақ жасаңыз”, “Өмірде ештеңе кеш емес”, “ИИ деп қалсам, шын екен ғой”, “Келінмен ырылдасқанша осы дұрыс”, “Жүз жасаңыз”, Менің басым айналып кетті”, “Биіктен қорықпайды екен”,– деп жазды оқырмандар.
