Фото: видеодан скрин
Әлеуметтік желілерде Станислав есімді азаматтың қазақ тілінде еш мүдірмей, еркін әңгіме айтып тұрған видеосы кеңінен тарады. Көптеген қолданушылар оның мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгергеніне таңданысын білдірді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Желі пікірлеріне қарағанда, Станислав той жүргізушісі ретінде танымал және қазақ тілін жетік білетін маман ретінде бұрыннан белгілі. Видео астында оған қолдау білдірген жылы лебіздер көптеп жазылған. Пайдаланушылар «Стасик, бақытты бол!», «Қазақшаңыздың деңгейі керемет екен!» деген секілді пікірлер қалдырған.
Көпшілік оның қазақ тілінде таза әрі сенімді сөйлеуін үлгі ретінде бағалап, мұндай мысалдардың қоғамдағы тіл мәдениетін дамытуға оң әсер ететінін атап өтті.
Бұл оқиға қазақ тілінің түрлі этнос өкілдерін біріктіретін маңызды құндылыққа айналып келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті. Мемлекеттік тіл азаматтарды жақындастырып, өзара құрмет пен түсіністікті нығайтатын ортақ байланыс құралы ретінде бағаланып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөздерінде Қазақстан азаматтарының бірлігіне ерекше мән беріп, мемлекеттік тілдің мүмкіндіктер тіліне, өзара құрмет пен қоғамдық келісімнің негізіне айналуы керектігін бірнеше рет атап өткен болатын.
