89 жастағы әже 20 жыл уақыттан кейін туған жеріне барып, бауырларымен қауышты, хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Әлеуметтік желіде тараған бұл сәт желі қолданушыларын әбден толқытып, ерекше әсер сыйлады. Жүрек тебірентерлік бейнежазбаны бірінші болып қарияның немересі өзінің желідегі парақшасында жариялады.
«Апа, Қытайдың жеріндесіз. Туған жеріңізге келдіңіз», – дейді немересі бейнежазбада.
Сол сәтте үнсіз отырған әженің жан дүниесіндегі толқынысы мен қуанышы бірден сезілді.
«Әжемнің үлкен арманы орындалуға бірнеше сәт қалды. Толқып отыр. Эмоциясын сыртқа шығармай отырғанымен, іші алай-дүлей болып жатыр», – деп жазды немересі.
Немересінің сөзінше, әжесі 1959 жылы 22 жасында шекарадан асып қазақ жеріне келген. Ал, қалған бауырлары мен ата-анасын құжаттары дұрыс болмағандықтан шекарадан өткізбеген. Ол жақта заң қатал болғандықтан, бір-бірін көре алмай сағынышпен күн кешкен.
«30 жылдан кейін 1989 жылы атам (әжемнің жолдасы) Мәскеу арқылы виза, құжаттарын рәсімдеп, басқа шекарамен кіргізіп алып келген. Одан кейін 2006 жылы әжем өзі жалғыз іздеп барып қайтты. Енді, міне, араға 20 жыл салып келіп отырмыз», – дейді немересі.
Желі қолданушылары толқыныстарын жасырмай қарияға ақ тілектерін жарыса жазды.
