Сурет: azh.kz
Батыс Қазақстан облысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізген арнайы операция барысында жеті медициналық мекеменің басшысы ұсталды. Оларға ірі жекеменшік зертхана мен басқа да жеткізушілердің мүддесіне қызмет еткені үшін жүйелі түрде пара алды деген күдік келіп отыр, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Ұсталғандардың арасында Батыс Қазақстан облыстық балалар ауруханасының, сондай-ақ Жәнібек, Қаратөбе және Теректі аудандық ауруханаларының бас дәрігерлері бар. Сонымен қатар Бәйтерек ауданына қарасты Дария аудандық ауруханасының бас дәрігері мен Орал қаласындағы №1 және №6 емханалардың директорлары да қамауға алынған.
Қоғам белсендісі Мәлік Жұмағалиевтің мәліметінше, күдіктілер ірі жекеменшік медициналық зертханалардың біріне және басқа да тауар жеткізушілерге қамқорлық жасағаны үшін жүйелі түрде ақшалай сыйақы алып отырған. Алдын ала деректер бойынша, ұсталғандар кінәсін мойындап, тергеуде бірнеше рет пара алу фактісін растайтын дәлелдер бар екені айтылады.
Сот ұсталғандарға қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат және үйқамақ түріндегі бұлтартпау шараларын таңдады. Тергеу ісі зертханалық желілердің бірінің қызметіне қатысты болуы мүмкін екені болжанып отыр. Айта кетейік, бұған дейін 30 сәуірде Орал қаласында облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының басшысы мен бірқатар қызметкері ұсталған болатын.
