Алматы облысы Іле ауданына қарасты Боралдай кентінде жаңадан төселген асфальттың сапасына жергілікті тұрғындар шағымдануда. Олардың айтуынша, Әйтеке би шағын ауданындағы жол жабындысы пайдалануға берілмей жатып үгітіліп, ортасынан жарылған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Тұрғындардың сөзінше, мердігер компания мен жергілікті әкімдік жұмысты аяқталды деп есеп бергенімен, нәтижесі көңіл көншітпейді. Жаңа асфальттың бетінде пайда болған шұңқырлар мен жарықшақтар көлік қозғалысына қауіп төндіріп, жүргізушілерге айтарлықтай қолайсыздық туғызуда.
Әзірге сапасыз атқарылған жұмысқа қанша қаражат жұмсалғаны және оның салдары үшін кім жауапты екені белгісіз. Жергілікті халық атқарушы органдардан бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме беріп, тиісті шаралар қабылдауды талап етіп отыр.
