Тарихи әділдік: Берлинге ту тіккен Кенжебай Мәденовтің ұлына орден табысталды

Фото: Ақорда

Президент мемлекеттік марапаттар мен әскери шендер тапсыру рәсімінде сөз сөйлеп, Қазақстан армиясын нығайту мен әскери қызметтің беделін арттыру мемлекет үшін негізгі басымдықтардың бірі екенін айтты. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.

Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сардарлар мен сарбаздарды Отан қорғаушы күні және Жеңіс күнімен құттықтап, қауіпсіздік мәселесі әрдайым басты назарда екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, соңғы жылдары әскери қызметкерлерге, құқық қорғау және арнаулы орган өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, ипотекалық бағдарламалар іске қосылып, жалақы көлемі кезең-кезеңімен өсіп жатыр. Сонымен қатар әлеуметтік жеңілдіктер де кеңейтілген.

«Қауіпсіздік мәселелері, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту, қызметтердің беделін көтеру – негізгі мемлекеттік басымдықтар мен міндеттер», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жастарды күштік құрылымдарға тарту және кадрлық әлеуетті нығайту мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, әскери оқу орындарының үздік түлектеріне оқуды аяқтаған бойда «аға лейтенант» шенін беру мәселесі Парламентте қарастырылып жатыр.

Президент қоғамда жалған батырларды емес, елге адал қызмет еткен нағыз қаһармандарды дәріптеу маңызды екенін айтты. Осы ретте қаза тапқан әскери қызметкерлер мен полицейлердің есімдерін мәңгі есте қалдыру жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді.

«Біздің мақсатымыз – батырларымыздың ерлігін мәңгі есте қалдыру, жастарды шынайы патриотизмге тәрбиелеу», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент Ұлы Отан соғысы ардагері Кенжебай Мәденовтің ерлігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жауынгер Берлиндегі Ратуша ғимаратына Жеңіс туын тіккендердің қатарында болған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кенжебай Мәденовке Ұлы Отан соғысындағы жанқиярлығы мен батылдығы үшін «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.

«Осылайша, біз тарихи әділдікті қалпына келтіріп отырмыз», – деді Президент.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика