Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сотталған екі азамат үкіммен келіспей, толық ақтауды сұрап отыр. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы BAQ.KZ -ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жәбірленуші тараптың мүддесін қорғаушы адвокат Мейірман Шекеевтің мәліметінше, кассациялық шағымдарды сотталғандар – Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметов берген.
Адвокат әлеуметтік желіде жариялаған бейнеүндеуінде олардың сот шешіміне қарсылық білдіріп, өздерін толық ақтауды талап еткенін хабарлады. Сонымен қатар, ол тараптың кассациялық шағымдармен жақында ғана танысу мүмкіндігі болғанын атап өтті.
Бұл іс бойынша кассациялық шағымдар түсті. Алайда біз олармен енді ғана таныстық. Соған қарамастан сот отырысы ертеңге (7 сәуірге – редакция ескертуі) белгіленіп отыр, — деді адвокат.
Еске салайық, 2025 жылдың мамыр айында сот үкімі шыққан болатын. Оған сәйкес, 24 жастағы Азамат Тоқтаубаев 15 жылға бас бостандығынан айырылса, Дидар Қалиахметов 7 жылға сотталған.
Қазіргі таңда іс кассациялық тәртіпте қаралуы мүмкін. Соңғы шешімді жоғары сот инстанциясы қабылдайды.
