Астанадағы Тутберидзе шоуы тоқтатылды: 7,5 мың билет сатылып кеткен

Астанада 1 мамырға жоспарланған ресейлік бапкер Этери Тутберидзенің «Мұздағы чемпиондар» шоуы өтпейтін болды, оған 7,5 мыңнан астам билет сатылып қойған, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Шара елордадағы «Барыс Арена» мұз сарайында өтуі тиіс еді. Көрермендер алдында мәнерлеп сырғанау жұлдыздары Алина Загитова, Евгения Медведева, Александра Трусова, Аделия Петросян, Пётр Гуменник және қазақстандық спортшы Элизабет Тұрсынбаева өнер көрсетеді деп жоспарланған.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шоуға дайындық алдын ала басталған. Аренамен келісімшартқа өткен жылдың тамыз айында қол қойылып, кейін жоба мемлекеттік органдардан рұқсат та алған.

Алайда қысқы Олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін «Барыс Арена» келісімді біржақты бұзған. Ұйымдастырушыларға шоудың не себепті тоқтатылғаны туралы ешқандай түсініктеме берілмеген.

Этери Тутберидзенің өзі жағдайға қатысты пікір білдіріп, шоуды өткізуге әлі де үмітті екенін жеткізді.

«Билет алып үлгерген көрермендер бізді көре алмайтынына мен де, менің командам да қатты өкінеміз. Десе де, біз бұрынғыдай келуге дайынбыз және 1 мамырда шоудың өткенін қатты қалаймыз. Жағдайдың оңынан шешілетініне үміттеніп, қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз», — деді бапкер.

Олимпиададан кейін Тутберидзе Италиядағы ойындарда жұмыс істеді. Ол жарыста шәкірттері бейтарап тудың астында өнер көрсеткен болатын. Кейінірек ол Грузияның мемлекеттік наградасын алған.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика