Қазақстанның бірнеше зауыты Jet A-1 авиаотынын өндіруді бастайды

Мұндай сүйінші жаңалықты Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов сөз етті. Оның айтуынша, отандық мұнай өңдеу зауыттары автомобиль жолдарының сапасын арттыруға мүмкіндік беретін модификацияланған битум өндірісіне көшу мәселесін де пысықтап жатыр. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.

– «ҚазМұнайГаздың» мұнай өңдеу зауыттарының тоқтаусыз жұмысын жолға қойып, дамыту – стратегиялық маңызды міндет. Бүгінгі күні тұрақтылық индексін 96 пайызға дейін арттыруға бағытталған жаңа технологиялық шешімдерді енгізу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жеңіл мұнай өнімдерінің шығымы – мұнай өңдеу зауыттарының жұмыс тиімділігін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Заманауи катализаторлар мен қоспаларды қолдану, технологиялық процестерді автоматты түрде басқару, сондай-ақ өндірісті тоқтатпай ақылды технологияларды енгізу сияқты іс-шаралар арқасында бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 83 пайызға дейін жеткізу көзделген, – деді Асхат Хасенов.

Компания басшысының сөзінше, қайтарымсыз шығындар мен отын тұтынуды төмендету де күн тәртібінен түспек емес. Оның арасында көмірсутек газдарының шығын жолдарын анықтап, оларды бітеу арқылы 8-ден 5,5 пайызға дейін қысқарту болжанған.

– Бүгінгі күні 3 мұнай өңдеу зауыты Jet A-1 авиаотынын өндіруге техникалық және нормативтік тұрғыдан дайын. Авиация саласын экологиялық таза отынмен қамтамасыз ету мақсатында «ҚазМұнайГаз» Kaz Food Products-пен бірлесіп биоэтанолды жаңартылатын авиаотынға айналдыратын SAF өндірісі жобасын іске асырып жатыр. Биыл жобалық жұмыстары басталады. Сондай-ақ, автомобиль жолдарының сапасын арттыруға мүмкіндік беретін модификацияланған битум өндірісіне көшу пысықталып жатыр, – деді ол.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика