Италияда бетперде киген төрт адам Парма қаласы маңындағы мұражайды тонап, құны 9 миллион еуроға бағаланған атақты суретшілердің туындыларын алып кетті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
The Guardian басылымының жазуынша, қылмыс 22 наурызға қараған түні Fondazione Magnani Rocca қорының мұражайында болған. Полицияның мәліметінше, бетперде киген төрт ер адам вилланың кіреберіс есігін бұзып, бірінші қабаттағы залға кірген.
Олар сол жерден Пьер-Огюст Ренуардың «Балық», Поль Сезанның «Шие қосылған натюрморт» және Анри Матисстің «Террассадағы одалиска» атты үш картинасын алып кеткен. БАҚ мәліметінше, ұрланған туындылардың жалпы құны шамамен 9 миллион еуроны құрайды.
«Қылмыскерлердің әрекеті мұқият жоспарланған. Олар қай бөлмеге баратынын біліп, санаулы минутта бақша арқылы ізін суытқан», — деп мәлімдеді мұражай әкімшілігі.
Барлық операцияға үш минуттан аз уақыт кеткен. Қазір тергеушілер бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп жатыр.
Фото: Әлеуметтік желіден
