Қызылордада алты баланың әкесі қайтыс болған жол апатына қатысты дау шықты: марқұмның отбасы күдіктінің әлі күнге дейін бостандықта жүргеніне наразы, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Қайғылы оқиға 13 наурызда Қызылорда қаласындағы Тәуелсіздік және Әлісов көшелерінің қиылысында болған. Оқиға салдарынан 45 жастағы алматылық Алмас Айыпов көз жұмды. Оның артында алты баласы қалды, олардың екеуін асырап алған екен.
Марқұмның туыстарының айтуынша, соққының қатты болғаны сонша, оның ВАЗ-2104 көлігі 70 метрге ұшып кеткен. Салдарынан жүргізушінің тірі қалуға еш мүмкіндігі болмаған.
Апатқа себепкер болған екінші көлік – Lexus 460. Оның тізгінінде 23 жастағы Әліби Боранбаев отырған. Марқұмның отбасы Lexus жүргізушісі жылдамдықты шамадан тыс асырғанын алға тартады.
«Ол қала ішінде рұқсат етілген 60 км/сағ жылдамдықтан әлдеқайда жоғары, шамамен 200 км/сағ жылдамдықпен жүрген», – дейді марқұмның жақындары.
Сонымен қатар, отбасының мәліметінше, Lexus жүргізушісі соқтығысқаннан кейін оқиға орнынан кетіп қалып, кейінірек қайта оралған. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталмады. Сондай-ақ Айыповтың көлігіндегі бейнетіркегішке қатысты жағдай да түсініксіз болып отыр. Жазбаның бар екені айтылғанымен, файлдың ашылмайтыны күдік тудырған.
«Бұл деректерді қасақана жою немесе жасыру әрекеті болуы мүмкін деген ойға жетелейді. Тергеудің ашық, объективті және әділ өтуін сұраймыз», – делінген Айыповтар отбасының үндеуінде.
Қазіргі уақытта адам өліміне әкелген жол апатына себепкер деген күдікті бостандықта жүр.
Фото: Әлеуметтік желіден
