Австрия билігі 14 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салуды көздеп отыр. Ел үкіметі балалардың онлайн қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Facebook, Instagram және TikTok сияқты танымал платформаларға шектеу қоятын заң жобасын дайындады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Жаңа бастама бойынша, аталған әлеуметтік желілерге кіруге шектеу қойылады. Вице-канцлер Андреас Баблердің айтуынша, балаларға төнетін цифрлық қауіп-қатерлер ұзақ уақыт бойы ескерусіз қалып келген.
«Біз бұл тәуекелдерді тым ұзақ уақыт елемей келдік», — деп мәлімдеді ол.
Дегенмен, биліктің алдында тұрған басты мәселе – қолданушылардың жасын қалай тиімді тексеру керектігі. Бұл сауал әзірге ашық күйінде қалып отыр.
Сонымен қатар, жаңа бастама аясында Австрия мектептерінде медиа сауаттылықты арттыру және жалған ақпаратты (фейк) анықтауды үйрететін арнайы пән енгізу жоспарлануда.
Мұндай шектеулер бұған дейін Аустралияда енгізілген. Қазіргі таңда Дания, Франция, Норвегия және Ұлыбритания да осыған ұқсас заңнамалық өзгерістерді қарастыруда.
Фото: Әлеуметтік желіден
