Таяу Шығыстағы соғыс: Филиппин әлемде бірінші болып дабыл қақты

Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты Филиппин әлемде бірінші болып энергетика саласында төтенше жағдай режимін енгізді. Бұл шешім Ирандағы соғыстан кейін жанармай бағасының күрт өсуіне байланысты қабылданды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Ел президенті Фердинанд Маркос-кіші энергетикалық қауіпсіздікті қорғау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл режим бір жыл бойы күшінде болады.

Төтенше жағдайдың негізгі себебі – Иранда соғыс басталғаннан кейін отын бағасының екі еседен астам өсуі. Ресми дерек бойынша, Филиппин мұнай импортының 98 пайызын Парсы шығанағы елдерінен тасымалдайды. Сондықтан Таяу Шығыстағы кез келген тұрақсыздық ел экономикасына тікелей әсер етеді.

Енгізілген режим үкіметке мұнай өнімдерін тікелей сатып алуға және бірінші кезекте қажетті тауарлардың таратылуын қатаң бақылауға алуға мүмкіндік береді.

Қазірдің өзінде елде үнемдеу шаралары қолға алынған. Мәселен, мемлекеттік қызметкерлер төрт күндік жұмыс аптасына көшірілді, сондай-ақ паром рейстерінің саны қысқартылды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, елдегі жанармай қоры шамамен 45 күнге ғана жетеді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика