Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған сұмдық жол апатынан қаза тапқан үш адамның туыстары әділдік талап етіп дабыл қағуда. Олардың айтуынша, оқиғаға кінәлі делінген кәсіпкер әлі күнге дейін бостандықта жүр, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Қайғылы оқиға 21 наурызда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, мемлекеттік нөмірі 009JET болатын Zeekr 9X көлігі қарсы бетке шығып кетіп, Mercedes көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Соның салдарынан үш адам – 29 жастағы жүргізуші мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Zeekr көлігінің рөлінде көлік саласында жұмыс істейтін 32 жастағы алматылық кәсіпкер Александр Пак болған. Куәгерлер сол түні көліктің басқа көлікпен көше жарысына қатысуы мүмкін екенін айтады. Жол талғамайтын көліктің жүргізушісі ауыр жарақат алып, қабырғасы, жамбас сүйегі мен оң аяғы сынған.
Қаза болған жігіттің немере ағасы әлеуметтік желіде жазба жариялап, жан айқайын жеткізді.
«Бұл апатта менің немере інім қайтыс болды. Олардың өкілі «ол мұны әдейі істеген жоқ» дейді. Бірақ қалай? Ол бұл жарыс жолы сияқты зымырап келе жатты. Олардың басқа көлікпен жарысқаны туралы кадрлар бар», — дейді ол.
Оның айтуынша, марқұм отбасының жалғыз асыраушысы болған.
«Інім отбасының жалғыз асыраушысы, тәтемнің жалғыз сәулесі еді. Енді тек ол туралы естелік қалды».
Жүргізушінің тағы бір туысы алты жасар қыздың әкесіз қалғанын жазды.
«Менің жиенім қаза болды… Ол 30-ға да толмаған еді. Ішпейтін, шекпейтін, такси жүргізетін… Не үшін? Еш жазықсыз үш жас адам опат болды. Алты жасар қызға әкесінің енді жоқ екенін қалай түсіндіреміз?», — деп жазды ол.
Марқұмдардың достары мен жақындары істің ашық тергелуін және кінәлілердің жазалануын талап етеді.
«Менің құрбым Әл-Фараби көшесіндегі жол апатынан қаза тапты… Қазір ол бір адамның кесірінен жер астында жатыр. Одан басқа тағы екі адам – жүргізуші мен құрбысы қайтыс болды. Олар жазықсыз адамдар. Біз ашық сот өткізуді талап етеміз», — делінген үндеулердің бірінде.
Қаза болғандардың туыстары биліктен тергеуді ерекше бақылауға алуды сұрайды.
Фото: Әлеуметтік желіден
